Абай облысы білім басқармасының Жарма ауданы білім бөлімінің «Айгөлек» балабақшасы» КМҚК 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Балабақшада 140 бала тәрбиеленуде. Топтар саны – 6 (екі кіші жас топтары, екі ортаңғы жас топтары, ересек тобы, мектепалды даярлық тобы) , оқыту тілі – қазақ тілі. Педагог қызметкерлердің саны – 17. Оның ішінде 6 жоғары білімді, 11 педагогта арнаулы орта білімдері бар.
Біздің балабақша мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандарты бойынша жұмыс жасайды. Сондықтан, барлық жұмыс мектепке дейінгі ұйымдарға арналған міндетті мемлекеттік стандартты орындауға бағытталған.

Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбие мен оқытуды дамыту моделі енгізілуде. Бұл модель бойынша аталған жүйеде, заттық-кеңістіктік ортада өзгерістер орын алуда. Жаңа модель бойынша оқу іс-әрекеті күні бойы жалғасады. Ол үшін балабақшаларда түрлі дамытушы аймақтар ұйымдастырылған.
Оқу іс-әрекеті кезінде балалардың қызығушылықтары ескеріледі. Осыған сай кітап оқу аймағы, шығармашылықпен айналысу, тәжірибелік іс-шаралар аймағы тағы да басқа орталықтар жұмыс жасайды.
Демек, педагог әр баланың қабілетіне қарай бағыт берсе, бала өздігінше зерттеп, айналаны танып, тақырыптық жобаларға қатысады. Яғни, әр балаға толық еркіндік берілген.
Балабақшаның барлық объектілеріндегі қауіпсіздік басты назарда. Педагогтер қауіпсіз білім беру кеңістігі стандарттарын басшылыққа ала отырып жұмыс жасайды. Ішкі тәртіп пен балалардың қауіпсіздігі бейнебақылау арқылы жіті қадағаланады. Басымдықтардың бірі – балалардың денсаулығын сақтау және нығайту үшін жағдай жасау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Білімін жетілдіру мақсатында түрлі курстарға және семинарларға қатыстырамыз. Әдіскерлер іс-әрекеттерді де қарай алады. Тәрбиешілер мен педагогтер де бір-бірінің ұйымдастырылған іс-әрекеттеріне кіріп, тәжірибе алмаса алады.
